image 18 05 22 08 50 1

Ойын – балалар үшін күрделі әрекет, ол білімді, ақылды ұйымдастыруды қажет етеді. Ал білімді бала қайдан алады? Оған бала ойын арқылы өзі үйренеді, үлкендер де үйретуге тиіс. Ойынның өз мақсаты, жоспары, арнайы заттары, т.б. көптеген ерекшеліктері болады.

Ойын – балалардың негізгі іс – әрекетінің бір түрі. Ойын арқылы бала өмірден көптеген мәліметтер алады, өзінің психологиялық ерекшеліктерін қалыптастырады, яғни ойын арқылы бала білім алады. Бала зейіні қажет ететін, әдейілеп ұйымдастырылған ойындар оның ақылын, дүниетанымын кеңейтеді, мінез – құлқын, ерік – жігерін қалыптастырады. Аса ірі психологтардың айтуы бойынша, бала ойын үстінде қандай болса, өскенде еңбекте де сондай болады. Ойын – адамның өмір танымының алғашқы қадамы. Жас сәбидің өмірі, қоршаған ортаны танып, еңбекке қатынасы, психологиялық ерекшеліктері ойын үстінде қалыптасады. Балалар ойын барысында өздерін еркін сезінеді, ізденімпаздық, тапқырлық әрекеті (сезіну, қабылдау, ойлау, зейін қою, ерік арқылы байқалады.) Түрлі психологиялық сезім әрекетіне сүңгиді.Ойын үстінде бала бейнебір өмірдің өзіндегіндей қуаныш пен реніш сезімінде болады.

Мектеп жасына дейінгі баланы дамытатын, өсіретін, әрі тәрбиелейтін де негізгі іс – әрекет ойын. Ойын арқылы бала қоршаған ортамен, адаммен, олардың еңбегімен, қарым – қатынасымен танысады. Ойын арқылы олардың ой-өрісі дамиды. Ойын үстінде балалар әртүрлі рөлде жолдастарымен қарым – қатынас жасауға, ойын үстінде ойлана отырып жауап беруге, қиялдауға, елестетуге қабілеттері қалыптасады. Сөздік ойындары балалардың ойлау, есте сақтау қабілеттерін дамытады. Ойыншықтарды пайдалана білуге үйренеді.

Арнайы ойын ұйымдастырылған оқу іс – әрекетінің мазмұнына қарай танымдық, дамытушы ойындарды, тапсырмаларды қолдану, балаларды заттарды бір – бірімен салыстыруға, оларды қасиетіне қарай ажыратуға және оны танып білуге үйретеді. Сөйтіп бала топтағы жасына сәйкес бағдарламалық міндетті меңгереді.

Ойын ұйымдастыруда балаларға жетекші бола отырып, ойнай білуге,ойын ережесін сақтауға, әрі оларды ойната отырып ойлануға бағыттайды, заттың атын немесе қасиетін есінде сақтап қалуға жол ашады, ойынға қызықтыра отырып зейінін, қиялын дамытады. Заттармен ойналатын ойындар: «Ғажайып қапшық», «Қай ағаштың жапырағы?» т.б.

Үстел үсті ойындарды ұйымдастыруда домино, лото, суреттер қолданады. Мысалы: «Суретті құрастыр», «Қандай затқа ұқсайды», «Бір сөзбен ата», «4-не артық?» т.б.

Ойындарды қарапайым математикалық ұғымды қалыптастыру сабағында пайдалану балалардың алған білімін күнделікті өмірімен ұштастыруға қолайлы. Ойын сабақтың мазмұнын байыта балалардың қиялдарын қозғап, зейіндерін кеңейте түседі. «Санамақ», «Он саусақ» өлеңдерін жаттатып, мазмұнын түсіндіру арқылы балалардың тілін ұстартып, логикалық ой – жүйелерін қалыптастыруға болады. Балалардың белсенділігін арттыра түсу мақсатында әрбір сабақты түрлендіріп өткізу орынды.

Ойындарды үнемі пайдалану арқылы балалардың ауызша есептеуге жаттығуына логикалық ой-жүйелерін жетілдіруге, түсінуге толық мүмкіншілік бар. Олардың қатарына халық ойындарын жатқызуға болады. Атап айтқанда, «Қай қолымда?», «Қанша тұяқ?», «Неше жапырақ?» т.б.

Ойын түрлерінің ұйымдастырылған тақырыбы мен мазмұнына неғұрлым сәйкес алынса оның танымдық, тәрбиелік маңызы да арта түседі. Оны тиімді пайдалану сабақтың әсерлігін, тартымдылығын күшейтеді, балалардың сабаққа ынтасы мен қызығушылығын арттырады.

Ғұлама ғалым ағартушы Ахмет Байтұрсынов: «Басқадан кем болмас үшін біз білімді, бай һам күшті болуымыз керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек» деген екен. Білім беру ісіндегі бүгінгі күннің өзекті мәселесі ел ертеңін ойлайтын білімді де, білікті зейінді дезерделі ұрпақ тәрбиелеу. Балаларды мейірімділікке, әділеттілікке, әдептілікке тәрбиелеу.