Ағымдағы жылдың 26 сәуір күні бөбекжайда «ECERS шкалаларын қолдана отырып, мектепке дейінгі мекемеде заттық-кеңістік дамытушы ортасының сапасын бавғалау» тақырыбында «Өрлеу» БАҚО АҚ филиалы ұйымдастыруымен бөбекжайымызда облыстық семинар өтті.
Семинар инновациялық режимде жұмыс істегісі келетін барлық бөбекжайға консультациялық-әдістемелік қолдау көрсетілетін «Өсу нүктесі» құзыреттілік орталығының кабинетін таныстыруымен басталды. Аталған орталықтың кеңістігінде балаларға бір уақытта бір-біріне кедергі жасамай, әртүрлі іс-әрекеттермен еркін айналысуға мүмкіндік беретіндей қылып, заттық дамытушы орта құрылған.
Сонымен қатар бөбекжай әдіскері Баймуханова Жания Карловна «Мектепке дейінгі мекемелерде заттық дамытушы ортаны құрудың тиімділігі», Орунбай Илия Исағалықызы Мектепке дейінгі ұйымдардың білім беру ортасының сапасын ECERS шкаласы бойынша бағалау» тақырыптарында баяндама оқыды.
Әрі қарай ұйымдастырылған іс-әрекет өтті. Тәрбиешілер Каратаева Малика Мамиржановна мен Нагдалиева Татьяна Кузьминична, бейнелеу өнері маманы Зинеденова Әсем Сағидоллақызы «Лунный гость» тақырыбында заттық дамытушы аймақтарында мектепалды даярлық тобымен ұйымдастырылған іс-әрекетін өткізді. Балалар зертхана, шығармашылық және STEM роботехника аймақтарында қызықты зерттеулер мен бастапқы бағдарламалау тәжірибелерімен бөлісті.
Семинар соңында бөбекжай психологтары Нурмуханова Мереке Турсыновна мен Жұбанова Назерке Дүйсенбайқызы семинарға қатысушы педагогтермен «Пәндік-кеңістік дамытушы ортаның балаларды әлеуметтендірудегі алатын орны» тақырыбында тренинг өткізді. Тренинг барысында педагогтер қызықты ойындар ойнап, өкізілген семинар туралы өз пікірлерін ойын түрінде жеткізді.
Семинардың қорытындылау бөлімінде «Өрлеу» БАҚО АҚ филиалының оқытушысы Жұмабаева Ақбілек Қошқарбайқызы бөбекжай педагогтеріне жоғары деңгейде ұйымдастырылған семинар үшін алғысын білдірді.